15 Шілде, 2016

Этностық көші-қон: бүгін және ертең

402 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
  migration Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жүзеге асқан игі істердің бірі – әлемнің әр түкпіріндегі қазақ қандастарымыз­бен байланыс орнатып, олардың атажұртқа оралуына кең жол ашуымыз болды. Бұл мәселеге Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әрқашан да айрықша көңіл бөліп келеді. Яғни, Елбасы мемлекет тізгінін қолына алған алғашқы күннен бас­тап алыс-жақындағы ағайындардың басын қосуға белсене кірісті. Соның нәтижесінде 1992 жылы Алматы қаласында Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы ұйымдастырылды. Бұл Құрылтайда Елбасы кө­­лемді баяндама жасап, ата­мекеннің есігі сырт жерлердегі аға­йындарға әркез ашық екендігін атап айтты. Осыған орай, сырт жерлердегі қандастарымыздың Қазақстанға көптеп көшіп келуіне, яғни этностық көші-қонға байланысты нақты іс-шаралар қолға алынды. Осының арқасында бүгінгі таңда атамекенге 1 млн.-ға жуық қандастарымыз оралып, еліміздің әлеуметтік-эко­номикалық, мәдени-рухани дамуына ұшан-теңіз үлес қосуда. Алдағы уақытта да бұл көш жалғаса беруге тиіс. Әлем қа­зақ­­­­тарының Астанада өткен соң­ғы төртінші құрылтайында да Ел­басы бұл жөнінде тиісті орын­дар­ға нақты тапсырмалар берген болатын. Содан бері Елбасының бұл тапсырмасы ойдағыдай орындалып келе жатқан еді. Әйтсе де, соңғы кезде этностық көші-қон жөнінде біраз қиындықтар да туындай бастады. Бұған нақты үш мысал келтірейік. Бірінші – қайта оралатын қан­дастарға Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат беру мәселесі. Елі­міздің Ішкі істер және Сыртқы істер министрліктерінің бекіткен қазіргі ереже-тәртіптеріне сәйкес, шетелдік қазақтар тұрақты тұруға рұқсат алу үшін бірнеше құ­жат жинап, өткізеді. Солардың ең бас­тыларының бірі – бұрынғы тұрған елінің құзыретті органы куәландырған соттылығының жоқ екендігі туралы анықтама. Бірақ мұның біраз қиыншылықтары бар. Мысалы, Қытайдағы аға­йын­дар мұндай анықтаманы алу өте қиын, тіпті, мүмкін емес дейді. Ең бастысы, алған күнде де ол анықтаманы куәландыру үш­ін міндетті түрде Бейжіңге не Шанхайға бару керек. Басқа жерде ол анықтаманы ешкім де куә­ландырмайды. Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын қарапайым қазақ сонау бір қиырдағы Бейжің мен Шанхайға барып, соттылығы жоқ деген анық­таманы куәландырып әкеле ала ма? Оған шамасы, қаржысы жете ме? Бұл – өте күмәнді мәселе. Жалпы, соңғы 20 жылда Қы­тайдан Қазақстанға 100 мыңға жуық ағайын қоныс аударды. Бірақ, олардың ешқайсысы да атажұртқа жету үшін ең алдымен бір қиырдан құжат жинап, осынша әуреге түскен жоқ еді. Тіп­ті, мұндай талап шекараны тарс жауып отырған кешегі Ке­ңес Одағының кезінде де болмаған. Ал сонда бүгінгідей тәуелсіздікке қол жеткізіп, бүкіл әлем таныған мемлекет болған кезімізде, атажұртқа бет бұрған ағайынды әуре-сарсаңға салатын мұндай ереже-талапты кім ойлап шығарған? Бұл түсініксіз. Тек осы­ның салдарынан Қытайдағы ағайындардың Қазақстанға тұ­рақты тұруға келуі барынша азаятыны анық. Екінші мәселе – қайта оралатын қандастарға азаматтық беру жөнінде. Бұл да жыл өткен сайын қиындап барады. Мысалы, бұрын атажұртқа келген бойда тұрақты тұруға қа­­жетті құжаттарын дайындап, оған қоса бұрынғы тұрған елінің төлқұжатын өткізіп, Қазақстан азаматтығына оңай қол жеткізетін. Ал қазір алыстан келген ағайын ең алдымен оралман мәртебесі мен ықтиярхат алады. Содан ке­йін азаматтыққа құжат өткізіп, Қазақстан азаматтығы берілгені туралы Президент Жарлығын күтеді. Содан белгілі бір уақыттан кейін Жарлық та шығады. Бұрын алыстан келген қандасымыз мұн­дай Жарлық шыққан бойда көші-қон полициясына барып, Қазақстан азаматының жеке куәлігін ешқандай ың-шыңсыз бірден алатын. Ал қазір бұл да барынша қиындаған. Яғни, қолданысқа енген соңғы ереже бойынша Қазақстан азаматтығына қабылданған қандасымыз отыз күн ішінде өзі бұрын тұрған ел­­дің өкілетті органына, яғни ел­шілігіне барып төлқұжатын өткізіп, ол жақтағы азаматтықтан шыққандығы туралы анықтама әкелу керек. Егер бұл мерзімде үл­гермесе, әкімшілік құқық бұ­зушы ретінде жауапқа тартылады. Бұл жө­нінде облыстық көші-қон полициясы басқармасы қандастардан арнайы міндеттеме жаздыртып алады. Бірақ, мұндай анықтама алу да өте қиын. Мысалы, біз білетін шет­тен келген бір қандасымыз төлқұжатын өткізіп, азаматтықтан шығару туралы өтінішін Өзбек­стан Республикасының Қазақ­стандағы елшілігіне биылғы жыл­дың наурыз айында өткізген, ал оның жауабын алдағы жылдың мамыр айында алмақшы. Демек, тиісті анықтаманы бір ай ішінде ешқашан да ала алмайды, соған байланысты ол қазір әкімшілік құқық бұзушының қатарына қо­сылып, енді өзінің қандай жазаға тартылатынын күтіп отыр. Және таңғаларлығы, мұндай қандастарымыздың Қазақстан Президентінің Жарлығы бойынша Қазақстан азаматы, ал қо­лындағы төлқұжаты бойынша Өзбекстан азаматы, ал сонда мә­селесі біржақты шешілетін бір жыл­ға дейін ол кісі не істейді, қай елдің азаматымын деп жүреді – оны өзі де түсінбейді. Мұны, тіпті, Ішкі істер министрлігі мен оның құрамындағы көші-қон полициясы басқармасындағылар да білмейтін болса керек. Бұл жөнінде және бір қиын мәселе бар. Өзбекстаннан келген қандасымыз әлгіндей анықтама алу үшін Өзбекстан елшілігіне консулдық тіркеуге тұруға әр адам басына 10 мың теңге, ал азаматтықтан шыққандығы туралы анықтама алу үшін 110 АҚШ доллары көлемінде, яғни орташа мөлшерде 150 АҚШ долларындай төлемақы төлейді екен. Өзбекстандағы қандастарымыздың бәрі дерлік көпбалалы, сондықтан олар отбасы мүшелерінің әрқайсысына әлгіндей ақша төлей ала ма? Оның үстіне, олардың біразы сонау Маңғыстау, Ақтөбе сияқты алыс облыстарға орналасқан, сондықтан төлқұжатын тапсыру үшін Алматыдағы Өзбекстан Республикасының елшілігіне қалай келеді, шаруасын қайтіп бітіреді? Қазір оралмандарға үй де, ешқандай қаржылай жәрдемақы да берілмейтіні белгілі, сондай жағдайда олар құжат жинап өткізуге қажетті төлемақы мен жол жүру шығындарын қайдан табады? Бұл сұрақ та этностық көші-қон мәселесімен тікелей айналысатын Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен Ішкі істер министрлігін онша ойландырмайтын сияқты. Және бір мәселеге тоқтала кетуге мәжбүрміз. Жоғарыда аза­маттықтан шығу үшін әр ағайын шетелдің елшіліктеріне 150 АҚШ доллары мөлшерінде төлемақы төлейтінін айттық. Демек, біздің елімізге 1 мың қандасымыз келсе, олардың құжат­тарын реттеуге сырт жерлерге 150 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы шығады. Ал сонда Қазақстандағы этностық көші-қон өзімізге емес, ең алдымен шетелдердің пайдасына жұмыс істей ме? Бұл да – нақты жауапты қажет ететін мәселе. Осыған орай және бір сауал туындайды. Соңғы жиырма-жиырма бес жылда Қазақстаннан сырт жерлерге 3-4 миллиондай халық көшіп кетті. Қазір олардың бәрі өзге елдердің аза­маттығын қабылдаған. Міне, осы сан миллион халықтың бір де біреуі Қазақстанға қайта келіп, соттылығы туралы куәландырған анықтама сұрады ма? Қазақстан азаматтығынан шығу үшін бір тиын ақша төледі ме? Біздің бұ­ған да күмәніміз бар. Ал сонда өзге елдердің ешқайсында жоқ әлгіндей талаптарды біз қайдан ойлап тапқанбыз? Міне, осы айтылған жағ­дайлардың салдарынан қазіргі кезде Алматыдағы Өзбекстан Республикасы елшігінің алдына барсаңыз, шаруаларын бітіре алмай, әуре-сарсаңға түсіп жүрген қалың ағайынды көресіз. Жағдай осы қалпымен тұра берсе, алдағы уақытта Өзбекстаннан келетін этностық көштің де барынша азайып, тоқтауға бет алары анық. Шетел қазақтарының ата­жұртқа келуіне қиындық туғызып отырған үшінші жағдай – оқу мәселесі. Бұрын Қазақстандағы жоғары оқу орындарына қабыл­даудың типтік ережесіне сәйкес ұлты қазақ шетелдік азаматтар мемлекеттік тапсырыс бойынша конкурстық негізде тегін білім алуға құқылы еді. Соған орай, шетелдегі қазақ жастары Қазақстанға келіп, кез келген жоғары оқу орнына конкурстық негізде түсе алатын. Бұған қоса, оларға екі пайыздық мөлшерде квота бөлінетін; 1500 талапкерге арналған дайындық курстары да жұмыс істейтін. Бірақ ендігі жерде бұл жеңілдіктердің де болашағы күмәнді болып тұр. Яғни, жақында біздің қолымызға  Білім және ғылым министрлігі дайындаған жоғары оқу орындарына қабылдаудың типтік ережесінің жаңа жобасы тиді. Бұл жаңа ережеде шетелдік қазақ жастарына арналған жеңілдіктер мүлдем алынып тасталған. Яғни, ереже осы қалпымен бекітілсе, шетелдегі қазақ жастарының Қазақстанға келіп, оқып, білім алуы біржолата тоқталады. Білім және ғылым минис­трлігінің мұндай ережені қандай қисынға сүйеніп жасап отырғаны түсініксіз. Қазіргі кезде басқа елдерді былай қойғанда, көрші Ресейдің өзі жер жүзіндегі барлық отандастарына оқу-білім жөнінен есігін айқара ашып қойған. Соның нәтижесінде, Қазақстанда мектеп бітірген жастардың да біразы сол жаққа кетіп, тегін оқуға түсіп жатыр. Біз ең болмаса солардан неге үлгі алмаймыз? Және бір таңғаларлығы, бұл жаңа ережеде Қазақстанда тұ­рақты тұратын, азаматтығы жоқ шетелдік азаматтардың тегін оқу мүмкіндігі бұрынғысынша сақ­талып қалған. Демек, біз үшін өз ағайындарымыздан гөрі өзге шетелдіктер әлдеқайда артық болғаны ма? Ал сонда еліміздегі этностық көші-қон саласындағы ұзақ жылдардан бері жүзеге асып келе жатқан жақсы істердің аяқ астынан кедергіге ұшырап, бұрын-соңды болмаған қиындықтарға кез­десуінің себебі неде? Біздің ойымызша, мұндай жағдай ең алдымен көші-қонға қатысы бар мемлекеттік мекемелердің бұл саланың мән-жайын жан-жақты зерделеп, дұрыс түсінбеуінен туындап отыр. Яғни, соңғы уақытта бүкіл дүниежүзі бойынша көші-қон ең күрделі мәселелердің біріне айналып, соған орай, бұл жөніндегі ереже-тәртіптер барынша қа­тайтылуда. Бірақ, бұл талап, негізінен, босқындар мен заңсыз еңбек көші-қонына қатысты жүзеге асырылуда. Ал этностық көші-қон, яғни өз қандастары мен отандастарын көшіріп әке­лудегі шарт-талаптар барлық ел­дерде де бұрынғыдай, барынша жан-жақты жеңілдіктер жасау негізінде жүзеге асырылуда. Бұған Израиль, Германия, Польша сияқты елдерден бастап, Ресейдегі этностық көші-қон туралы жүргізіліп жатқан жақсы істер айқын дәлел. Ал Қазақстан үкіметі мен оның көші-қонға қатысты мекемелері босқындар мен заңсыз еңбек көші-қонын этностық көші-қоннан ажырата алмайтын сыңайлы. Яғни, олар үшін шетелден келген босқын да, жұмыс іздеп жүрген гастербайтер де, атажұртқа оралған оралман да – барлығы бірдей сияқты. Сондай-ақ, Ресейден бастап, өркениетті елдердің бәрінде де көші-қон жұмыстары бір орталықтан басқарылып, жан-жақты нақтыланған айқын жүйемен жұмыс істейді. Өкінішке қарай, бізде бұл мәселе де ескерілмейді. Керісінше, бізде көші-қонмен нақты кім айналысатыны белгісіз. Бұрынғы жеке Көші-қон комитеті әлдеқашан таратылған. Қазір ол – Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің құрамындағы Этностық және ішкі көшті реттеу деп аталатын шағын ғана бас­қарма. Ол басқарманың бүкіл халқымыздың бүгіні мен болашағы үшін аса маңызды этностық көші-қон мәселесін толық шешуге шамасы да, мүмкіндігі де жетпейді. Көші-қонға қатысы бар басқа да мемлекеттік мекемелердің бұл саладағы жұмыстары ойда­ғыдай емес. Мысалы, «Халықтың көші-қоны туралы» Заңда эт­ностық көшті шетелдерде ұйым­­­дастыру Сыртқы істер ми­нистр­­лігіне жүктелетіні атап көр­сетілген. Бірақ, министрлік заңда көрсетілген бұл міндетін ойдағыдай орындап отыр деп айта алмаймыз. Шетелден атажұртқа оралған ағайындардың көп шаруасы, жоғарыда атап айтқанымыздай, Ішкі істер министрлігінің көші-қон полициясы басқармаларына барып тіреледі. Бірақ, бұл министр­лік тарапынан да этностық көші-қонның ерекшеліктерін терең түсі­ніп, жанашырлық таныту кенже қалып тұр. Осыған орай тағы бір мәселені айта кеткіміз келеді. Бүгінгі таңда біздің елімізде ең көп сөз болып, жиі талқыланатын мә­­селенің бірі – этностық кө­ші-қон, яғни шеттен келген аға­йын­дарымыздың жағдайы. Бұл мәселені түрлі қоғамдық ұйым­дардың белсенділерінен бастап, Парламент депутатта­рына дейін жиі көтеріп, толып жатқан ұсыныстар жасап, талқылаулар өткізеді. «Халықтың көші-қоны туралы» Заң да әл­денеше рет қайта жасалды. Үкімет те бұл мәселеге үнемі назар аударып келеді. Солардың бірі – жақында ғана Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі өткізген «Қазақстан Республикасы Үкіметінің көші-қон жөніндегі жаңа саясаты» тақырыбындағы дөңгелек үстел. Бірақ, осыншалықты талқылаулар мен жиындар этностық көші-қонның көбеюіне емес, керісінше, азаюына әкеліп соғып отыр. Неге бұлай? Әлде, жоғарыда айтқан Қазақстан Үкіметінің көші-қон жөніндегі жаңа саясаты осыған, яғни этностық көшті азайтуға бейімделген бе? Бұл мәселе ашық, анық айтылуға тиіс. Тәуелсіздікті жаңа ғана ал­ған сонау 1992 жылы Қазақ­стан үкіметі «Шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдерін Қазақстан Республикасында болған кезінде әлеуметтік-эко­номикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы» №791 қаулы қабылдап еді. Көлемі алақандай ғана осы шағын қаулы 2004 жылға дейін шетелден келген барлық қазақтың тұрақты тұру, азаматтық алу, оқуға түсу сияқты мәселелерін ешқандай әуре-сарсаңға салмай, бірден шешетін негізгі құжат болды. Бірақ кейін белгісіз себептермен ол қаулының күші жойылды. Алдағы уақыт­та осы мәселе қайтадан қолға алын­са дейміз. Яғни, Қазақстан Үкіметі шетелдегі қазақ диаспорасына қолдау көр­сету жөнінде бүгінгі заман талабына сай жаңа құжат дайындап, соған орай нақты іс-шараларды қолға алуға тиіс. Егер бұл мәселе шешілсе, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында шетелдегі сан миллион қандасымызға жасалған үлкен қамқорлық, ерекше тарту болар еді. Бұған толық мүмкіндік бар екендігіне де нақты дәлел келтірейік. Осыдан екі жылдай бұрын Тараз қаласында еліміздің Премьер-Министрі К. Мәсімов шетел қазақтары және оралмандар өкілдерімен арнайы кездесу өткізді. Бұл кездесуге Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы атынан біз де қатысып, шетел қазақтарымен байланыс жасау және этностық көші-қонның өзекті мәселелерін ортаға салып едік. Премьер-Министр кездесу соңында бұл мәселелердің оң шешім табатынына сендірген болатын. Үкімет басшысының сол сөзінен нәтиже шығатын уақыт келді деп есептейміз. Алдағы 2017 жылы Дүниежүзі қазақтарының кезекті құрылтайы өтеді деп жоспарланған. Бұл басқосуға әлемнің әр тарабындағы қазақтардың өкілдері келіп, бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша жиынға Үкімет пен Парламент мүшелері қатысып, Елбасы бүкіл халқымызға ортақ мәселелер жөнінде маңызды баян­дама жасайды. Міне, осындай салтанатты сәтте шетел қазақ­тарының атажұртқа келуінің бүкіл жолы мен мүмкіндіктерін тарс жауып тастап, ағайындардың алдында ыңғайсыздыққа ұшырап, жерге қарап отырмағанымыз абзал. Бұл мәселені де осы бастан ойластырған дұрыс. Соған орай, Қазақстан Үкіметі жоғарыда айтылған мәселелерді жан-жақты қарастырып, этностық көші-қон жұмыстарын өркениетті елдердегідей нақты бір жүйеге түсірсе деген ұсыныс-тілек біл­діреміз. Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері АЛМАТЫ